Англиялық БАҚ Сәтпаевтың болашағына сенімді

Футбол
Англиялық Thechelseachronicle.com басылымы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың әлеуетін жоғары бағалады.
Ұлттық құрама сапында Уэльске қарсы өткен ойында (0:1) жас ойыншы айқын көзге түспегенімен, ағылшындар мұны қалыпты құбылыс деп есептейді. Олардың пікірінше, жеңіліс - спорттағы өсудің табиғи бөлігі.
Басылым атап өткендей, «Қайраттың» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуы Сәтпаевқа «Реал», «Интер», «Арсенал» және басқа да алып клубтарға қарсы ойнау тәжірибесін сыйлады. Бұл – жас аяқдоп шебері үшін үлкен мүмкіндік. Материалда «Челси» Сәтпаевты болашағы зор футболшы ретінде қарастыратыны жазылған. Дегенмен оған артық қысым түсірмеу қажет екені де ескертілген.
«Қазақстандық талант клубтың ұзақмерзімді трансферлік стратегиясына сәйкес келеді. Мұндай жаста жеңісті де, жеңілісті де бастан кешіру – қалыпты жағдай», – делінген мақалада.