«Оның ойынын көру - бір ғанибет». Тапаловқа Еуропа да сүйсінді

«Оның ойынын көру - бір ғанибет». Тапаловқа Еуропа да сүйсінді
Футбол

KFF

«Қызылжар» клубының бельгиялық экс-қорғаушысы Брайан Ван ден Богарт қазақстандық ойыншы Еркін Тапаловтың прогрессін ерекше атап өтті

Қазіргі таңда «Қайрат» пен Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп жүрген Тапаловпен ол кезінде Али Алиевтің командасында бірге ойнаған.


«Тапаны жақсы білемін — біз бір құрамда кем дегенде 30 матч өткіздік. Әлі де байланыстамыз, ал жақында Бельгияға келгенде онымен, бапкерімізбен және Қазақстаннан келетін ескі достарыммен кездесемін. Еркін — талантты жігіт әрі еңбекқор ойыншы, психологиялық тұрғыдан да мықты. Қазір оның жақсы формаға келіп, Премьер-лигада да, Чемпиондар лигасында да өзін керемет көрсетіп жүргеніне өте қуаныштымын. Оның ойынын бақылау — бір ғанибет», — деді антверпендік футболшы.


Айта кетейік, биылғы маусымда Еркін Тапалов барлық турнирлерде 23 матчқа қатысып, екі нәтижелі соққы жасады. 31 жастағы қорғаушы алматылық команданың Чемпиондар лигасындағы жетістігінде маңызды рөл атқарды. 

Еске салсақ, Брайан Ван ден Богарт 2023 жылдың басында «Қызылжардың» сапына қосылып, ел біріншілігінде 19 ойын өткізген. Кейін отбасылық жағдайына байланысты клубтан кеткен болатын.