Загреб-2025: Қазақстан балуандарының алғашқы қарсыластары белгілі болды

Загреб-2025: Қазақстан балуандарының алғашқы қарсыластары белгілі болды
Күрес

13 қыркүйекте Хорватия астанасы Загребте күрестен әлем чемпионаты басталады. Жарыстың алғашқы күнінде еркін күрес шеберлері кілемге шығады.

Жеребе қорытындысы бойынша 57 келіде Әділет Әлмұхамедов UWW өкілі Арыйан Тютринмен, 61 келіде Асылжан Есенгелді Швейцария балуаны Нилс Леутермен, 65 келіде Начын Куулар Қытай спортшысы Тао Вэймен кездеседі. 70 келі салмақта Нұрқожа Қайпанов 1/8 финалда АҚШ балуаны Питер Дюкпен немесе қытайлық Чен Сюанмен белдеседі. 

74 келіде Әлібек Әбдіқасым Мажарстан спортшысы Мурад Курамагомедовке қарсы шықса, 79 келіде Болат Сақаев түркиялық Ибрагим Метехан Япракпен жолығады. 86 келі салмақта Азамат Дәулетбеков Литва өкілі Паулюс Лескаускаспен, 92 келіде Камил Куруглиев Қытай балуаны Хуа Жемен кездеседі. 

Сонымен қатар, 97 келіде Ризабек Айтмұхан UWW өкілі Магомед Курбановпен, ал 125 келіде Әлішер Ерғали болгариялық Ален Хубуловпен күш сынасады. Чемпионаттың бірінші жарыс күнінде 61, 70, 86 және 125 келі салмақ дәрежелерінде іріктеу белдесулері өтеді.