Лиссабон түні: Сары-қаралардың Еуропадағы дебютіне шолу

Қайрат ФК
Қыркүйектің 18-інен 19-ына қараған түні алматылық «Қайрат» кәрі құрлықтағы ең басты клубтық турнир – Чемпиондар лигасында өз тарихындағы алғашқы ойынын өткізді.
Қайраттың дебюттік қарсыласы – Лиссабонның атақты «Спортинг» командасы болды. Кездесу Португалия астанасында ұйымдастырылды. Ойын басталған сәттен-ақ алаң иелері үстемдігін сездірді. Қайрат қақпасына алғашқы қауіпті сәт 21-ші минутта туды: төреші пенальти белгіледі. Дегенмен, қазақстандық команданың жас қақпашысы Шерхан Қалмырза батылдық танытып, Мортен Хьюлманд соққан он бір метрлікті қайтарды. Бұл эпизод алматылықтарға жігер бергендей болды.
Алайда бірінші таймның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда, «Спортинг» өз дегеніне жетті. 44-ші минутта Тринкан айып алаңы сыртынан соққан әдемі голымен есеп ашты – 1:0. Екінші таймда «Қайрат» белсенділік танытып, бірнеше қауіпті шабуыл жасады. Бірақ оларды голға айналдыра алмады. Ал футболдағы «сен соқпасаң – саған соғады» қағидасы бұл жолы да расқа шықты. 65-ші минутта Тринкан дубльдің авторы атанды.
Одан кейін араға екі-ақ минут салып, 67-ші минутта Алиссон Сантос үшінші голды соқты. Артынша бір минут өтпей жатып, Жеовани Кенда таблодағы көрсеткішті 4:0-ге жеткізді. Алматылықтар тек матч соңында есепті қысқарта алды. 86-шы минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Эдмилсон жұбаныш голын соғып, нәтижені 4:1 қылды.
Осылайша Лиссабонда өткен дебюттік ойында «Қайрат» айқын жеңіліске ұшырады. Жаңа форматтағы Чемпиондар лигасында барлық 36 команда бір жалпы кестеде есептеледі. Бірінші турдан кейін «Спортинг» көшбасшылардың қатарына қосылса, алматылықтар 34-ші орынға жайғасты.
Екінші турда «Қайрат» өз алаңында турнирдің басты фавориттерінің бірі, 15 дүркін Еуропа чемпионы мадридтік «Реалды» қабылдайды. Ал «Спортинг» Италия чемпионы «Наполиге» қонаққа барады.