Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиада жүлдесіне үміткерлер қатарынан көрінді

Chung Sung-Jun - International Skating Union
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ресейлік сарапшы Алёна Леонова 2026 жылы Италияда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарында медальға таласуы мүмкін спортшылар тізімін атады. Оның айтуынша, бұл бәсекеге қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров та кіреді, деп хабарлайды Bassport.kz Matchtv.ru сайтына сілтеме жасап.
Бейжіңде өткен іріктеу кезеңінде бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен ресейлік Пётр Гуменник 262,82 ұпай жинап жеңіске жетіп, Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін Олимпиадаға жолдама иеленді. Отандасымыз Шайдоров болса, әлем чемпионатындағы күміс медалінің арқасында бұл мүмкіндікке бұрыннан-ақ жол ашқан еді. Леонованың айтуынша, қазір басты фаворит – америкалық Илья Малинин.
«Бірақ Шайдоровты да медальға басты үміткерлер қатарына қосамын. Жапон Юма Кагияма да мықты дайындалып жүр, француз Адам Сяо Хим Фаның да мүмкіндігі бар. Ал үшінші орынға кім ие болатынын болжау әзірге қиын», – деді сарапшы.
Сондай-ақ ол Гуменниктің халықаралық деңгейдегі тәжірибесі әлі аз екенін ескертіп, төрешілердің бағасы да шешуші рөл атқаратынын қосты.
«Егер ол өз бағдарламасын таза орындап, күйгелектікке жол бермесе, медаль үшін күресуге толық мүмкіндігі бар», – деп түйіндеді Леонова.
Айта кетелік, 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары 6–22 ақпан аралығында Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді.