Қазақ спортшысы Ерұлан Қабдулов ММА-ден екі дүркін әлем чемпионы

Қазақ спортшысы Ерұлан Қабдулов ММА-ден екі дүркін әлем чемпионы
Жекпе-жек

Ашық дереккөзінен

27 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Грузия астанасы Тбилисиде өткен аралас жекпе-жектен (ММА) әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді, деп хабарлайды Bassport.kz Sportbugin.kz-ке сілтеме жасап. 

Еліміздің спортшылары бұл бәсекеде ерлер арасында 2 алтын, 1 күміс және 5 қола, ал әйелдер арасында 4 қола медаль жеңіп алды. Соның ішінде атыраулық Ерұлан Қабдулов 52,2 келі салмақта топ жарып, екі дүркін әлем чемпионы атанды. 

Финалда ол қазіргі таңда IMMAF рейтингінде көш бастап тұрған тәжікстандық қарсыласын үш раундқа созылған тартысты жекпе-жекте төрешілер шешімімен ұтты. Бұл – Ерұланның ММА-дегі екінші әлемдік алтыны. Бұған дейін ол 2024 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында да жеңіс тұғырынан көрінген еді. 

Қазақстан құрамасының қоржынына түскен екінші алтынды жетісулық Жақсыбек Аймаханов салды. 83,9 келіде күш сынасқан ол қарсыластарын мерзімінен бұрын жеңіп, көптен күткен әлем чемпионы атағына қол жеткізді. 

Сонымен қатар, күміс жүлдені Досжан Есбол (Ақтөбе облысы), ал қола медальді Әбілмансұр Жексенбай (Ақтөбе облысы), Марат Әшімтаев (Павлодар облысы), Еркебұлан Бегасылұлы (Жетісу облысы), Дмитрий Ярков (Павлодар облысы) және Диас Өскер (Алматы қаласы) еншіледі.

Әйелдер құрамасынан Матильда Бачурина (Ақмола облысы), Адель Махметова (Алматы облысы), Мөлдір Әшірбекова (Алматы облысы) және Диана Ахметова (Атырау облысы) қола жүлдегер атанды.

Айта кетейік, биылғы әлем чемпионатын Халықаралық аралас жекпе-жек федерациясы (IMMAF) ұйымдастырды. Жарысқа әлемнің 78 елінен 800-ге жуық спортшы қатысты.