Шавкат Рахмоновтың жаңа бәсекелесі пайда болды

Шавкат Рахмоновтың жаңа бәсекелесі пайда болды
Жекпе-жек

Prosports.kz

UFC-дің жартылай орта салмақ дәрежесіндегі рейтингте тоғызыншы орында тұрған бразилиялық Карлос Пратес алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Bassport.kz Fighttime.ru-ға сілтеме жасап. 

«Менің мақсатым – чемпиондық белбеуді жеңіп алу, содан кейін Иэн Мачадо Гэрримен реванш өткізу және мансабымды аяқтау. Одан кейін жай ғана өмірдің рақатын көріп, барбекю жасап, сыра ішкім келеді. Жоспарым – 35 жасқа дейін жұдырықтасу, бірақ егер чемпиондыққа ертерек қол жеткізсем, спорттан да ерте кетемін. Кейде залға келіп, жігіттерге көмектесемін, бірақ бапкер болғым келмейді», – деді Пратес. 

Пратес 16 қараша күні Нью-Йоркте өтетін UFC 322 турнирінде бұрынғы чемпион Леон Эдвардспен кездеседі. 34 жастағы Эдвардс соңғы рет 2025 жылдың наурыз айында UFC Fight Night 255 турнирінде Шон Брэдиге төртінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңілген болатын. 

Оның кәсіби рекорды: 22 жеңіс, 5 жеңіліс және 1 жарамсыз деп танылған жекпе-жек. Ал 32 жастағы Пратес соңғы кездесуін 2025 жылдың тамызында UFC 319 турнирінде өткізіп, Джефф Нилді бірінші раундта нокаутпен ұтқан. Қазіргі нәтижесі: 22 жеңіс пен 7 жеңіліс. 

Айта кетейік, осы дивизионда Қазақстан намысын қорғап жүрген жеңіліссіз жауынгер – Шавкат Рахмонов та өнер көрсетуде.