Бибісара Асаубаева үш дүркін әлем чемпионы атанды
Бибісара Асаубаева / Сурет: Халықаралық шахмат федерациясы
Рапид және блиц шахматтан Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан әлем чемпионатында Бибісара Асаубаева топ жарды, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
Блиц шахматтан 15 турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша өткен жарысқа 140 спортшы қатысты. Отандасымыз 11 ұпай жинап, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда Бибісара Қытай өкілі, блиц шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері Чжу Цзиньэрді 3:0 есебімен жеңді. Ал финалда блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Анна Музычукты 2,5:1,5 есебімен ұтып, жеңіске жетті.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева осыған дейін 2021 және 2022 жылдары блиц шахматтан әлем чемпионы атанған. 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлем чемпионатында әйелдер арасында тек Екатерина Лагно мен Бибісара Асаубаева ғана үш дүркін әлем чемпионы атағына ие.