Шаңғымен тұғырдан секіру: Қазақстан әлем чемпионатында төрт топ-10 қатарына енді
Илья Мизерных. Сурет: Тұрар Қазанғапов/ҚР ҰОК баспасөз қызметі
Норвегияның Лиллехаммер қаласында шаңғымен тұғырдан секіруден жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты аяқталды. Әлем біріншілігінің қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар төрт рет үздік ондықтың қатарына енді, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі ҚР ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жекелей сында Илья Мизерных алтыншы орынмен жарысты аяқтады. Ал әйелдер арасындағы командалық жарыста Анастасия Горунова, Алиса Седова, Алена Свириденко және Виктория Рулева жетінші орынға ие болды. Осы бағдарламада ерлер құрамасы сапында өнер көрсеткен Илья Мизерных, Даниил Калинкин, Артем Мешков және Давид Гааль алтыншы орынға тұрақтады.
Сонымен қатар Қазақстан аралас командалар арасындағы жарыста да үздік ондыққа енді. Бұл сайыста Илья Мизерных, Артем Мешков, Виктория Рулева және Алена Свириденко сегізінші орын алды.