Сабыржан Аққалықов Азия чемпионатының финалына шықты
ҚБФ
Қазақстан ұлттық құрамасының боксшысы Сабыржан Аққалықов 2026 жылғы Азия чемпионатының жартылай финалында сәтті өнер көрсетті. Байрақты бәсеке World Boxing аясында Улан-Батор қаласында өтіп жатыр, деп хабарлайды Bassport.kz.
75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финал жолдамасын сарапқа салған жекпе-жекте Аққалықов моңғолиялық Далай Ганзоригпен кездесті. Бірінші раундта қазақстандық боксшы қарсыласын екі рет нокдаунға жіберсе, екінші раундта тағы бір мәрте дәл соққыларымен төрешіні есеп ашуға мәжбүр етті. Нәтижесінде, төреші жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатты.
Осылайша, Сабыржан Аққалықов турнирдің финалына жолдама алды. Ал Далай Ганзориг жарысты қола жүлдемен аяқтады.
Айта кетейік, Сабыржан Аққалықов 2025 жылы International Boxing Association ұйымдастырған әлем чемпионатында (Дубай) күміс жүлдегер атанған болатын.