Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесі маңында жүгіруден жарыс өтеді

Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесі маңында жүгіруден жарыс өтеді
Басқа

Фото: Мағауия Нұрғалиев

2026 жылдың 11 шілдесінде Абай облысы Аягөз ауданына қарасты Тарлаулы ауылы маңында ерекше спорттық шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды Bassport.kz. 

 Махаббат пен адалдықтың символына айналған Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесінің маңында жүгіруден жарыс өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және тарихи-мәдени мұраларды дәріптеу.

Спорттық додаға кәсіби спортшылармен қатар жүгіруді жаны сүйетін әуесқойлар да қатыса алады. Қатысушылар үшін 1, 2, 3, 4 және 5 шақырымдық қашықтықтар қарастырылған.

Жарыс киелі тарихи орында өтетіндіктен, оған қатысушылар үшін ерекше әсер сыйламақ. Ұлы даланың тарихымен тыныстап, табиғат аясында жүгіру спорт сүйер қауымға тың серпін береді деп күтілуде. 

Ауқымды шараның ұйымдастырылуына KAZ Minerals тобы қолдау көрсетуде. Компания әлеуметтік, мәдени және спорттық жобаларға тұрақты түрде атсалысып келеді. 


Жарыстың басталу уақыты – 11 шілде күні сағат 09:00. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталады. Қосымша ақпарат пен тіркелу шарттары туралы мәліметтерді @elsport_kz Instagram парақшасынан алуға болады. 

 Айта кетейік, жарыс Аягөз аудандық әкімдігінің қолдауымен өтеді.