Кабо-Верде құрамасының қақпашысының анасына АҚШ визасы берілді

Кабо-Верде құрамасының қақпашысының анасына АҚШ визасы берілді
Футбол

Фото: Instagram/vozinha1

Кабо-Верде құрамасының тәжірибелі қақпашысы Возиньяның анасы АҚШ-қа кіруге рұқсат алды, деп хабарлайды Bassport.kz Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұған дейін оның виза алу мәселесі қоғамда қызу талқыланған болатын. Алайда АҚШ Конгресі Өкілдер палатасындағы демократиялық азшылықтың жетекшісі Хаким Джеффристің араласуынан кейін мәселе оң шешімін тапты.

Бұл ақпаратты саясаткердің өзі жариялап, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиоға, Мемлекеттік департамент өкілдеріне, Кабо-Верде үкіметіне және FIFA ұйымына алғыс білдірді.

«Бұл мәселенің оң шешілуіне үлес қосқан барлық тарапқа алғыс айтамын», – деді Джеффрис.

Сондай-ақ ол барлық қосымша төлемдердің жойылғанын және Возиньяның анасы Кабо-Верде мен Уругвай құрамалары арасындағы матчты тамашалау үшін Майамиге жолға шығуға дайындалып жатқанын айтты. Аталған кездесу 20 маусым күні өтеді.

Айта кетейік, Возинья 2026 жылғы әлем чемпионатындағы Испания құрамасына қарсы матчтан кейін көпшіліктің назарын өзіне аударды. Кабо-Верде құрамасының қақпашысы бірнеше маңызды сейв жасап, өз командасына сенсациялық түрде 0:0 есебімен тең түсуге көмектескен болатын.

Кейін тәжірибелі қақпашы анасының АҚШ визасын ала алмай жүргенін ашық айтып, бұл жағдай халықаралық деңгейде талқыланды. Осыдан кейін Хаким Джеффрис оған қолдау көрсетіп, мәселенің шешілуіне ықпал етті.

Айта кетейік, Кабо-Верде азаматтары АҚШ визасын алу кезінде қосымша талаптар қойылатын елдердің қатарына кіреді. Кей жағдайда виза рәсімдеу үшін 15 мың долларға дейін кепілдік жарна талап етіледі.