Хорватиядағы турнирден кейін қазақстандық дзюдошылар әлемдік рейтингіде жоғары өрледі
ҰОК
Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) спортшылардың жаңартылған рейтингін жариялады, деп хабарлайды Bassport.kz ҰОК-ге сілтеме жасап.
66 келідегі отандасымыз Нұрқанат Серікбаев Хорватиядағы Гран-приде жеңіске жеткеннен кейін алты сатыға жоғары көтеріліп, оныншы орынға жайғасты. Жаңартылған рейтингке сәйкес қазақстандық спортшының еншісінде 2 748 ұпай бар.
Бұл салмақта жапониялық Хифуми Абэ 5 200 ұпаймен көш бастады. Оның жерлесі Такеши Такеока 5 000 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Ал Тәжікстан өкілі Нурали Эмомали 4 400 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.
Сондай-ақ жаңартылған рейтингіде Аман Бақытжан 60 келі салмақта үш саты жоғары көтеріліп, 22-орынға тұрақтады. Оның еншісінде 2 145 ұпай бар. Ал 48 келі салмақтағы Ғалия Тынбаева бірден 13-орынға жоғарылап, 1 141 ұпаймен 38-сатыға жайғасты.
Еске салсақ, екі қазақстандық дзюдошы да Загребтегі Гран-приде күміс медаль иеленген еді.
Бұдан бөлек, Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) алты саты жоғарылап, 1 235 ұпаймен 40-орынға тұрақтады. Ал Эсмигүл Куюлова (63 келіге дейін) бірден он саты көтеріліп, 1 103 ұпаймен 36-орынға табан тіреді.