Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында Молдовадан жеңілді

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында Молдовадан жеңілді
Футбол

ҚФФ

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі бесінші турда Молдова құрамасынан жеңіліп қалды, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.

Кишиневте өткен кездесу алаң иелерінің (2:1) жеңісімен аяқталды. 

Матч 13 қараша күні Кишинев қаласындағы «Зимбру» стадионында өтті. Кездесуге италиялық төреші Андреа Коломбо бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Ойынның алғашқы бөлігінде алаң иелері басымдық танытып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Ал Қазақстан құрамасы қарымта шабуылдар арқылы қарсылас қақпасына қауіп төндіруге тырысты. 39-минутта Молдова құрамасының шабуылшысы Петру Попеску алыстан дәл соққы жасап, есеп ашты. Осылайша бірінші тайм алаң иелерінің 1:0 есебіндегі басымдығымен аяқталды.

Екінші таймда қазақстандық футболшылар белсенділігін арттырды. 51-минутта Ислам Чесноков қарсылас қақпасына дәл соққы бағыттап, таразы басын теңестірді. Бұл сәтте Молдова қақпашысы Дмитрий Челядник те қателік жіберді. Алайда Қазақстан құрамасы тең нәтижені сақтап қала алмады. 77-минутта Петру Попеску екінші голын соғып, дубль авторы атанды. Нәтижесінде Молдова құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті. 

Айта кетейік, қос команда арасындағы алғашқы кездесуде де Қазақстан өз алаңында дәл осындай есеппен жеңілген болатын. Осы нәтижеден кейін Қазақстан құрамасы бес матчта небәрі екі ұпай жинап, Ұлттар лигасының С дивизионындағы үшінші топтың соңғы орнында қалды.

Топ басында 10 ұпаймен Словакия құрамасы тұр. Молдова жеті ұпаймен екінші, ал Фарер аралдары төрт ұпаймен үшінші орында келеді. Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі соңғы кездесуін 16 қарашада өз алаңында Словакияға қарсы өткізеді.