Кот-д’Ивуар құрамасының шабуылшысы келісілген матчтарға қатысы бар деген күдікке ілікті

Кот-д’Ивуар құрамасының шабуылшысы келісілген матчтарға қатысы бар деген күдікке ілікті
Футбол

Фото: © Visionhaus / Contributor / Getty Images Sport / Gettyimages.ru

Кот-д’Ивуар құрамасы мен Францияның «Ницца» клубында өнер көрсететін Элье Ваи әлем чемпионаты басталар алдында құқық қорғау органдарының назарына түсті, деп хабарлайды Bassport.kz The Athletic басылымына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, 23 жастағы футболшы 29 мамыр күні Франция полициясы тарапынан сұрақ-жауап алу үшін ұсталған. Бұл оқиға Лига 1 жолдамасы үшін өткен «Сент-Этьенге» қарсы қарымта кездесуден кейін болған.

Тергеу аясында Ваи ұйымдасқан алаяқтық, спорттағы жемқорлық, заңсыз жолмен табылған қаражатты пайдалану және ақшаны жылыстату баптары бойынша тексерілуде.

Істің басталуына Франция Кәсіби футбол лигасына (LFP) түскен бірнеше күмәнді ставка туралы хабарлама себеп болған. Әңгіме Лига 1-дің соңғы турында өткен «Ницца» мен «Мец» арасындағы матчқа қатысты. Букмекерлік нарықта Ваи осы кездесуде сары қағаз алады деген бәс тігулердің көлемі күмән тудырған.

Аталған ойында шабуылшы 35-минутта қорғаушы Садибу Санеге қарсы дөрекі ойнағаны үшін ескерту алған. Бұған дейін де ол тағы бір тәртіп бұзушылық жасаған болатын. Дегенмен полициядағы сұрақ-жауаптан кейін Элье Ваи босатылды.

Қазіргі уақытта оған ресми айып тағылған жоқ. Футболшы кейін Кот-д’Ивуар құрамасына қосылып, 2026 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы матчына қатысты. Африкалық құрама алғашқы турда Эквадордан 0:1 есебімен жеңілді.

Айта кетейік, Элье Ваи қазіргі таңда «Ницца» сапында жалға алу келісімі бойынша өнер көрсетіп жүр. Оның келісімі 30 маусымда аяқталады. Осыдан кейін шабуылшы Германияның «Айнтрахт» клубына оралуы тиіс.

Кот-д’Ивуар құрамасы әлем чемпионаты топтық кезеңінің келесі матчында Германиямен кездеседі. Ойын 21 маусым күні Торонтода өтеді.