Қазақстан соккадан әлем чемпионатының ширек финалына шықты
Sports.kz
Қазақстан құрамасы Германияның Эссен қаласында өтіп жатқан соккадан 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Венгрияны пенальти сериясында жеңіп, ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды Bassport.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталды. Қазақстан құрамасының жалғыз голын Диас Үсенов соқты.
Жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Қазақстандық футболшылар мүмкіндіктерін сәтті пайдаланып, 2:0 есебімен басым түсті.
– Негізгі уақытта командалар жеңімпазды анықтай алмады. Пенальти сериясында Қазақстан құрамасы қарсыласынан мықты болып, келесі кезеңге жолдама алды, – делінген ақпаратта.
Қазақстан құрамасы топтық кезеңде үш кездесудің барлығында ірі есеппен жеңіске жеткен. Алдымен Ирак құрамасын 13:1 есебімен ұтса, кейін Түркияны 8:1, Бельгияны 5:1 есебімен жеңді.
Осы нәтижелердің арқасында Қазақстан топтық кезеңдегі турнирдің ең нәтижелі құрамаларының біріне айналды.
Қазақстанның ширек финалдағы қарсыласы 1/8 финалдың қалған кездеселері аяқталғаннан кейін анықталады.
Socca World Cup 2026 турнирі Германияның Эссен қаласында 28 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтіп жатыр. Әлем чемпионатына 48 құрама қатысуда.