Ақтөбедегі жаңа стадионның құрылысына қанша қаржы бөлінгені белгілі болды
Үкіметтің баспасөз қызметі
Қазақстан Үкіметі Ақтөбе қаласындағы жаңа футбол стадионы құрылысының бірінші кезеңіне резервтен 6,5 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңа арена 35 мың көрерменге есептеліп, УЕФА-ның төртінші санат талаптарына сай болады. Стадион құрылысы 2025 жылдың желтоқсанында басталған.
Нысан қаланың Алтын Орда ауданындағы 25 гектар аумақта бой көтеруде. Жобада ғимараттың жалпы ауданы шамамен 88,5 мың шаршы метр, биіктігі 30 метрге жуық болады деп көрсетілген. Бес қабатты спорт кешенінің құрылысы үш кезеңмен жүзеге асырылады. Стадионда заманауи футбол алаңы мен көрермендер трибуналарынан бөлек, командаларға арналған бөлмелер және БАҚ өкілдеріне қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Жаңа кешен тек футбол матчтарын ғана емес, ірі спорттық, мәдени және қоғамдық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
УЕФА өкілдері құрылыс алаңына барып, жобаға қатысты өз ұсыныстарын берген.
Құрылыс жұмыстарын спорт нысандарын салуда тәжірибесі бар түрік компаниясы жүргізіп жатыр. Жоспар бойынша жаңа стадион 2028 жылы пайдалануға берілуі тиіс.
Қазіргі Ақтөбе Орталық стадионы 1975 жылдан бері пайдаланылып келеді және шамамен 13 мың жанкүйерді қабылдай алады. Алайда «Ақтөбенің» үй матчтарына қызығушылық өте жоғары. Кейбір кездесулерде стадионға барғысы келетін жанкүйерлер саны оның сыйымдылығынан үш есеге дейін асып кетеді.
35 мың орындық жаңа арена бұл мәселені шешіп қана қоймай, Ақтөбеде халықаралық деңгейдегі футбол матчтарын өткізуге жағдай жасайды.
Жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың футболды дамыту және өңірлердегі спорт инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатыр.