Танымал қазақстандық боксшы спорттық мансабын аяқтады
Қазақстан бокс федерациясы
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны, әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов спорттық мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Bassport.kz Sportbugin.kz-ке сілтеме жасап.
33 жастағы қазақстандық боксшы рингке қайта оралуға әрекет жасағанын, алайда ақырында мансабын аяқтауды жөн көргенін айтты.
«Боксқа қайта оралу туралы ой болды. Тіпті жаттығуды қайта бастап көрдім. Бірақ болмады. Сондықтан кәсіби мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Қазір Жамбыл облысындағы кәсіпқой бокс клубы басшысының орынбасары болып жұмыс істеймін», – деді Шымбергенов.
Асланбек Шымбергенов – Қазақстан боксының кейінгі жылдардағы ең танымал өкілдерінің бірі. Ол Қазақстан чемпионатында екі рет топ жарып, 2019 жылы әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. 2022 жылы Шымбергенов Азия чемпионы атанса, 2023 жылы әлем чемпионатында жеңімпаз болып, мансабындағы ең ірі жетістіктерінің біріне қол жеткізді. Сонымен қатар оның еншісінде Азия ойындарының екі жүлдесі бар. Қазақстандық боксшы 2018 жылғы Азия ойындарында күміс, ал 2023 жылғы додада қола медаль иеленді. Шымбергенов 2024 жылы Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғады.
Осылайша, әлем және Азия чемпионы, Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны енді қызметін Жамбыл облысындағы кәсіпқой бокс клубында жалғастырады.