Қазақстан біріншілігіндегі дербиде «Астана» басым түсті: «Қайрат» тағы да ұпай жоғалтты
«Астана» футбол клубы
«Астана» өз алаңында «Қайраттан» 1:0 есебімен басым түсіп, маңызды жеңіске жетті, деп хабарлайды Bassport.kz.
«Астана Арена» стадионында өткен ҚПЛ-2026 маусымының 27-ші турындағы бұл орталық кездесу өте тартысты әрі драмалық сипатта өтті.
Матчтың небәрі 11-ші минутында «Қайраттың» тірек жартылай қорғаушысы Әділет Садыбеков Станислав Басмановқа қарсы дөрекі ойнағаны үшін (VAR жүйесін тексергеннен кейін) тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Сандық басымдыққа ие болған елордалықтар араға 3 минут салып есеп ашты. 14-ші минутта Карло Бартолецтің әуелете берген пасын шабуылшы Рамазан Каримов баспен дәл бағыттап, теңбіл снарядты қақпа торында тулатты.
Бұл жеңістен кейін 48 ұпай жинаған «Астана» үшінші орынға көтеріліп, еурокубоктық аймаққа нық орнығып алды. Ал екінші рет қатарынан жеңілген «Қайрат» (57 ұпай) чемпиондық жарыста көшбасшы «Ордабасыдан» артта қалып, алтыннан үмітін азайтты.