Үздіктерге 10 спорт алаңы салынады: AUYL SPORT турнирі басталды
Halyk қайырымдылық қоры
AUYL SPORT республикалық турнирінде үздік нәтиже көрсеткен ауылдарға 10 жаңа спорт алаңын салып беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Bassport.kz.
Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры жүзеге асыратын бастама ауыл балаларының спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасап, шалғай елді мекендердегі спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
3-7 қараша аралығында Астанада AUYL SPORT-2026 республикалық турнирі өтеді. Еліміздің 17 өңірінен іріктелген ауыл балалары спорттың сегіз түрінен бақ сынап, өзара мықтыны анықтайды.
Үшінші рет ұйымдастырылатын жоба ауыл балаларының спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың республикалық және халықаралық жарыстарда өз қабілетін көрсетуіне жол ашып келеді.
Биылғы турнирдің басты жаңалығы - үздік нәтиже көрсеткен ауылдарда спорт алаңдарын салу бастамасы. Жоспар бойынша еліміздің 10 ауылында баскетбол, волейбол, шағын футбол ойнауға және дене шынықтырумен айналысуға арналған ашық спорт алаңдары салынады. Осылайша, турнирдегі жеңіс бір спортшының жеке жетістігімен шектелмей, тұтас ауылдың балаларына спортпен шұғылдануға жаңа мүмкіндік бермек.
Ауыл балалары үшін 15,5 млн теңгеден астам жүлде қоры қарастырылды
AUYL SPORT жобасының үшінші маусымында еліміздің 17 өңіріндегі 350-ден аса ауылды қамтып, 15 мың баланы спортқа тарту көзделіп отыр. Ал республикалық финалдың жүлде қорына 15,5 млн теңгеден аса қаржы бөлінбек. Биыл қатысушылар бокс, еркін күрес, каратэ, баскетбол, волейбол, шахмат, үстел теннисі және шағын футболдан бақ сынайды.
Айта кетейік, жоба алғаш қолға алынғанда жарыстар спорттың алты түрінен өткен болатын. Кейін қатысушылардың мүмкіндігін кеңейту мақсатында бағдарламаға жаңа спорт түрлері қосыла бастады. Мәселен, 2025 жылы үстел теннисі енгізілсе, биыл ауыл балалары алғаш рет шағын футболдан да өзара мықтыны анықтайды.

«Бір баланың жеңісі тұтас ауылдың мүмкіндігін кеңейтуге тиіс»
Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов ауыл балаларының спортпен тұрақты айналысуына қажет жағдай жасаудың маңызын атап өтті.
«Ауыл баласының арманына туған жерінің шалғайлығы кедергі болмауға тиіс. Біз үшін баланың жарыста жеңіске жетуімен қатар, ауылына оралған соң да тұрақты жаттыға алуы маңызды. Сондықтан үздік нәтиже көрсеткен ауылдарға спорт алаңдарын салуды жоспарлап отырмыз. Бір баланың жеңісі тұтас ауылдың мүмкіндігін кеңейтіп, өзге балалардың талабын ұштаса дейміз», – деді Ғалымбек Жақсылықов.
Шалғай ауылдарда спорт инфрақұрылымының жеткіліксіздігі жасөспірімдердің қабілетін дамытуға кедергі келтіретін мәселелердің бірі екені белгілі. Әсіресе кәсіби жаттығуға арналған залдар мен алаңдардың тапшылығы балалардың спортпен жүйелі айналысу мүмкіндігін шектейді. Осы тұрғыдан алғанда, AUYL SPORT аясында жоспарланған жаңа спорт алаңдары ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысанға айналуы мүмкін. Мұндай алаңдарда тек турнир жеңімпаздары емес, сол ауылдағы өзге балалар да жаттығып, спорттық шеберлігін арттыра алады. Ауылдан шыққан спортшылар халықаралық жарыстарда топ жарып жүр
AUYL SPORT жобасының нәтижесі республикалық турнирлермен ғана шектелмейді. Кейінгі жылдары бағдарламаға қатысқан ауыл спортшылары халықаралық жарыстарда да жүлделі орындардан көрініп жүр.
Мәселен, 2025 жылы Сербияда өткен ISF U-15 Гимназиадасына қатысқан жобаның 12 өкілі үш алтын және бір қола медаль жеңіп алды. Ал 2026 жылы Түркияда ұйымдастырылған волейбол турнирінде Жансүгіров ауылының қыздар командасы мен Өтеген батыр ауылының ұлдар командасы чемпион атанды. Үстел теннисінен Ташкентте өткен жарыста Назерке Болатбек күміс жүлдеге ие болды. Ақтау қаласында ұйымдастырылған Орталық Азия каратэ чемпионатында Қуандық Базархан мен Сұлтан Құдайберген алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, Ыстықкөлде өткен баскетбол жарысында Қоңырөлең ауылының ұлдар командасы мен Әулиекөл ауылының қыздар командасы қола жүлдегер атанды. Бұл жетістіктер ауыл балаларына тиісті қолдау көрсетіліп, жаттығуға мүмкіндік жасалған жағдайда олардың халықаралық деңгейде де жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынын көрсетеді.
2025 жылы жоба өкілдері бес халықаралық жарыста бақ сынады. Олар Сербияның Златибор қаласында өткен Дүниежүзілік гимназиадаға (бокс, еркін күрес, шахмат), Қырғызстанның Бестері елді мекеніндегі волейбол турниріне, Атыраудағы A-Run Cup Basketball – 2025 баскетбол жарысына, Астанадағы Kazakhstan Open 2025 каратэ турниріне және Қытайда ұйымдастырылған каратэ WKF жарысына қатысты. 2026 жылы халықаралық жарыстар географиясы одан әрі кеңейді. Ауыл спортшылары Түркияның Сиде қаласындағы Antalya Volleyball Friendship Cup – 2026 волейбол турнирінде, Өзбекстанның Ташкент қаласындағы үстел теннисі жарысында, Грекияның Афина қаласындағы Anacharsis – 2026 еркін күрес турнирінде, Ақтаудағы Орталық Азия каратэ чемпионатында және Қырғызстанның Ыстықкөл өңіріндегі халықаралық баскетбол турнирінде өнер көрсетті. Осылайша, 2025–2026 жылдары жоба қатысушыларының жарыс күнтізбесінде он халықаралық дода қамтылды.
Ауыл спортшыларының жол жүру және тұру шығындарын қор өтейді
AUYL SPORT жобасының басты ерекшеліктерінің бірі – оған қатысудың тегін болуы. Спортшылардың жарысқа барып-қайту, жатын орын және тамақтану шығындарын Halyk қайырымдылық қоры толық өз мойнына алады. Мұндай қолдау әсіресе аудан орталықтары мен ірі қалалардан шалғай орналасқан ауыл балалары үшін маңызды. Себебі көп отбасы баласын республикалық жарысқа жіберуге қаржылай мүмкіндігі бола бермейді. Ал жоба осы кедергіні азайтып, ауыл спортшыларына отбасының материалдық жағдайына қарамастан, өз қабілетін танытуға және үлкен жарыстарда бақ сынауға жол ашады.

Ауыл жаттықтырушыларының біліктілігін арттыруға да көңіл бөлініп жатыр
Ауыл спортын дамыту тек жарыс өткізумен шектелмейді. Спортшылардың жетістікке жетуі оларды дайындайтын бапкерлердің кәсіби шеберлігіне де тікелей байланысты. Сондықтан AUYL SPORT жобасы аясында жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлініп келеді.
Биыл еркін күрестен өткен арнайы семинарға еліміздің 17 өңірінен 50-ден аса маман қатысты. Сондай-ақ үш қалада халықаралық сарапшы Уве Бремнің қатысуымен шахмат жаттықтырушыларына арналған оқыту курстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде ауылдық жерлерде жұмыс істейтін 50-ден аса жаттықтырушы шахматты үйретудің заманауи тәсілдерін меңгеріп, кәсіби білімін жетілдірді.
Үш маусымда мыңдаған ауыл баласына мүмкіндік берілді
Үш маусым ішінде AUYL SPORT жобасы ауыл спортын дамытуға бағытталған ірі бастамалардың біріне айналды. Алғашқы республикалық финалда 1300 жас спортшы бақ сынаса, 2025–2026 жылдары бұл көрсеткіш 1 700-ге жетті.
Бүгінде жоба тек жарыс ұйымдастырумен шектелмей, ауыл балаларының халықаралық деңгейде тәжірибе жинауына, жаттықтырушылардың кәсіби шеберлігін шыңдауына және ауылдардағы спорт инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік беріп келеді.
Биыл үздік нәтиже көрсеткен ауылдарға 10 жаңа спорт алаңын салып беру бастамасы да осы бағыттағы жұмыстың жалғасы болмақ. Жаңа алаңдар балалардың спортпен тұрақты айналысуына, бос уақытын пайдалы өткізуіне және салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасайды.
Ауылдағы шағын спорт залында басталған арманның республикалық жарыстағы жеңіске, кейін халықаралық жетістікке ұласуы - спортшылар үшін үлкен жігер. Ал сол жетістіктің арқасында туған ауылында жаңа спорт алаңы бой көтерсе, бұл бір баланың жеңісі тұтас ауылға ортақ игілікке айналғанының айқын көрінісі болмақ.