«Мен “өзбек боксшылары жеңілді” дегенді естігім келмейді»: Өзбекстанның Қазақстандағы Әлем кубогына қатыспау себебі белгілі болды

Өзбекстан Бокс Федерациясының баспасөз-қызметі
Bassport.kz хабарлауынша, Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев Астанада өтіп жатқан Әлем кубогына өзбек боксшыларының қатыспауына қатысты пікір білдірді.
«Бізде өз дайындық жоспарымыз бар. Жаттықтырушылар штабымен бірге жартыжылдық статистиканы талдаймыз: кімге жекпе-жек жеткілікті, ал кімге жетпейді — соны қараймыз. Кейбір спортшыларда тәжірибе аз болғандықтан, оларды Эйндховендегі турнирге жібердік. Ол жерде әрқайсысы кемінде үш жекпе-жек өткізді. Бұл Нидерландыдағы турнир — Ливерпуль алдындағы дайындықтың бір бөлігі болды. Қазір дайындықтың келесі кезеңіне көшіп, өзімізге көңіл бөлетін уақыт келді.
Тағы бір нәрсе. Егер біз Қазақстанға барғанда, бұл біздің жаттығу кестемізді бұзатын еді және жарақат алу қаупі туар еді. Иә, қатысу үшін дайындық жоспарын өзгертуге болатын еді, бірақ бұл өзімізге зиян болар еді.
Ал екінші не үшінші нөмірлі боксшылар жайлы айтсақ? Әрине, оларды жіберуге болар еді. Бірақ бұл — Әлем кубогы! Оның үстіне ол Қазақстанда өтіп жатыр! Ал мен үшін кез келген боксшы — мейлі екінші, үшінші не төртінші нөмір болсын — ол Өзбекстан құрамасының өкілі. Ол ел намысын қорғайды. Егер ең мықтылар бармай, әлсіз құрам жеңілсе, мен “өзбек боксшылары жеңілді” деген сөздерді естігім келмейді…»
Бұл сөздерді ҚР Туризм министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің жетекшісі Аян Төлеген өзінің телеграм-арнасында жариялады.
Айта кетейік, бүгін Астанада World Boxing халықаралық ұйымының бастамасымен турнир басталды. Оған 30 мемлекет қатысуда. Өзбекстаннан жарысқа тек әйелдер құрамасы ғана қатысуда.