Иван Ракитич ресми түрде мансабын аяқтады

Чемпионат
“Хайдук” клубының бас бапкері Гонсало Гарсия хорватиялық жартылай қорғаушы Иван Ракитичтің кәсіби мансабын аяқтағанын растады, деп хабарлайды Bassport.kz.
37 жастағы футболшы 20 жылға созылған жарқын карьерасына нүкте қойды. “Ракитич мансабын аяқтады. Ол ақылды, ойынға деген түсінігі жоғары, жақсы идеялары бар. Алайда қазір ол қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр – алаңдағы өмірден кеңселік жұмысқа көшу оңай емес”, – деді Гарсия Gol басылымына берген сұхбатында.
Иван Ракитич өз жолын “Базельден” бастады, “Шальке”, “Севилья” және “Барселона” клубтарында өнер көрсетті. “Барселонада” ол Лионель Мессимен бірге ойнап, көптеген табысқа қол жеткізді. Кейінгі жылдары ол мансабын “Аль-Шабаб” және “Хайдук” клубтарында жалғастырды.
Футболшы 16 трофей иегері атанды, оның ішінде:
• Испания чемпионатының 4 мәрте жеңімпазы;
• Чемпиондар лигасының иегері;
• Екі рет Еуропа лигасын ұтқан.
Хорватия құрамасында Ракитич 106 матч өткізді. 2018 жылы ол әлем чемпионатының финалына дейін жеткен “алтын буынның” негізгі ойыншыларының бірі болды.