Руслан Желдібай Халықаралық дзюдо федерациясында жоғары лауазымға тағайындалды

Руслан Желдібай Халықаралық дзюдо федерациясында жоғары лауазымға тағайындалды
Дзюдо

www.akorda.kz

ҚР Президентінің баспасөз хатшысы – кеңесшісі Руслан Желдібай Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) Жаңа технологиялар және жоғары нәтижелер жөніндегі комиссиясының директоры қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Bassport.kz.

IJF мәліметінше, жаңа комиссия спортшылардың әлеуетін арттыру және жаһандық дзюдо қауымдастығының дамуына үлес қосу мақсатында заманауи технологияларды этикалық әрі тиімді қолданумен айналысады. Сонымен қатар, комиссия инновацияны дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге және дзюдоны әлеуметтік даму құралы ретінде жаһандық деңгейде насихаттауға бағытталған жобаларды жүзеге асырады.

— Сіздің тәжірибеңіз бен біліміңіз комиссия жұмысына айтарлықтай үлес қосатынына сенімдіміз, — делінген федерацияның ресми хатында.

Айта кетейік, Руслан Желдібай 2025 жылдың 17 ақпанынан бастап ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы қызметін атқарып келеді. Бұған дейін ішкі саясат және коммуникация мәселелері жөніндегі Президент көмекшісі, сондай-ақ 2023 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары – баспасөз хатшысы болған.