ҚПЛ клубтары УЕФА-дан келетін миллиондаған қаражаттан айырылды

Актобе Таймс
Қазақстандық «Ақтөбе» мен «Ордабасы» клубтары еурокубоктардағы сәтсіздіктен кейін УЕФА тарапынан берілетін ірі қаржылық түсімдерден айырылды, деп хабарлайды Bassport.kz Aladop.kz сайтына сілтеме жасап.
2024 жылы Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне өткен клубтар 260 мың еуро (шамамен 161,3 млн теңге) көлемінде сыйақы алған. Егер «Ақтөбе» поляктың «Легиясынан» басым түсіп, келесі кезеңге өтсе, дәл осындай соманы иеленер еді.
Сол сияқты, Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіне өткен клубтарға 175 мың еуро (108,5 млн теңге) төленді. Бұл сомаға «Ордабасы» Грузияның «Торпедосынан» өте алғанда қол жеткізер еді. Ал үшінші іріктеу кезеңіне шыққан клубтар үшін 350 мың еуро (217,1 млн теңге) көлемінде сыйақы қарастырылған.
Алайда, «Ақтөбе» өз алаңында «Легиядан» 0:1 есебімен жеңіліп, Еуропа лигасын ерте аяқтады. Ал «Ордабасы» «Торпедомен» сырт алаңда 1:1 есебімен тең ойнағанымен, екі ойын нәтижесі бойынша келесі кезеңге өте алмады.
Енді «Ақтөбе» Еуропа лигасынан шығып қалған соң, Конференциялар лигасында бақ сынайды. Келесі қарсылас – Чехияның «Спарта» клубы.