Ризабек Айтмұхан әлем чемпионатына дайындық жайлы ой бөлісті

Ризабек Айтмұхан әлем чемпионатына дайындық жайлы ой бөлісті
Күрес

ҰОК

Әлем чемпионаты қарсаңында Қазақстан құрамасының көшбасшысы Ризабек Айтмұхан дайындық барысы мен алдағы бәсекелестер туралы айтып берді, деп хабарлайды Bassport.kz.

«Қазір бәрі жақсы жүріп жатыр. Қалпына келу кезеңінен өттім, жарақаттардан толық айықтым. Өзімді өте жақсы сезінемін. Қазіргі уақытта жоспарға сәйкес дайындық жүргізіп жатырмын. Жаттықтырушыларымның қадағалауымен әрбір ұсақ-түйекке дейін мән беріп, қарқынды жаттығудамын», — деді Айтмұхан.

Балуанның айтуынша, алдағы әлем чемпионатында бәсекелестік өте жоғары болмақ.

«Менің салмағымда оннан астам мықты балуан бар. Олардың алтауы — Олимпиада жүлдегерлері мен чемпиондары. Сондықтан жеңіске жету оңай болмайды», — деп атап өтті ол.

Айта кетейік, биыл Ризабек Айтмұхан Амманда өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Ал соңғы жарысы — 9 тамызда Ақтөбеде өткен Wrestling Stars League турнирі, онда ол 97 келі салмақта топ жарды.

Маусымның басты додасы — Әлем чемпионаты 13–21 қыркүйек аралығында Загребте (Хорватия) өтеді.