Рингте кімдерді көрмейміз?: Қазақстан чемпионаты басталды

Рингте кімдерді көрмейміз?: Қазақстан чемпионаты басталды
Бокс

KBF

Семей қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. 

Биылғы біріншілік ерекше тартысқа толы болмақ — жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 371 спортшы қатысып жатыр. Бәсекеде тәжірибелі чемпиондармен қатар жас жұлдыздар да сынға түсуде. 

Әлемдік деңгейде танылған спортшылардың арасында Теміртас Жүсіпов (50 кг), Сәкен Бибосынов (55 кг), Бексұлтан Боранбек (55 кг), Сабыржан Аққалықов (75 кг), Санжарәлі Бегалиев (80 кг) және Өнер Сейілхан (85 кг) бар. 

Биылғы турнирдің басты жаңалығының бірі – Әбілхан Аманқұлдың қайта оралуы. Әуесқой боксқа ұзақ үзілістен кейін келген жамбылдық боксшы 85 келі салмақта өнер көрсетеді. Ол 2017 жылы әлем чемпионатының күміс, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанып, кейін кәсіпқой боксқа ауысқан еді. Былғары қолғап шеберінің қайта оралуы жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Дегенмен, биылғы чемпионатта кейбір танымал есімдер жоқ. Әлем чемпиондары Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай және Бекзат Нұрдәулетов ішкі біріншілікке қатыспайды. Олардың жарысқа қатыспау себебі әзірге белгісіз.

Айта кетелік, Қазақстан чемпионаты 14–21 қазан аралығында өтеді. Ел біріншілігі ұлттық құраманың 2026 жылдағы құрамын айқындайтын маңызды дода болмақ.