Азия ойындары: Бахрейнде еліміздің туы көтерілді

Olympic.kz
Бахрейнде өтіп жатқан 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында Қазақстан Республикасының туы көтерілді, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі ҚР ҰОК сілтеме жасап.
Қазақстандық спорт делегациясының ресми түрде келуін білдіретін салтанатты рәсім Athletes Hub аумағында, Exhibition World Bahrain көрме орталығының жанында өтті. Дәл осы жерде Азия ойындары аясында түрлі спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.
Ресми бөлімнен кейін ҚР ҰОК президенті Геннадий Головкин жас спортшылармен кездесті. Маңызды жарыстар алдында ҰОК басшысы спортшыларға қолдау білдіріп, бірлік пен өз күшіңе деген сенімділіктің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан құрамасының өкілдері де жарыс алдындағы әсерлерімен және көңіл-күйлерімен бөлісті.
"Көңіл күйіміз тамаша. Азия ойындарына алғаш рет қатысып жатырмыз. Үлкен арена, көрермен көп, жанкүйерлердің қолдауы сезіледі. Ұйымдастыру деңгейі де жоғары. Бізді өте жылы қарсы алды, мұндай құрметті бұрын көрген емеспіз. Өте қуаныштымыз. Қарсыластарымыз өте мықты, деңгейі жоғары командалар. Біз де бар күшімізді салып, өз мақсатымызға жетуге тырысамыз. Жарысқа үлкен мақсатпен келдік. Бізге сеніп, қолдау көрсеткендердің бәріне шын жүректен алғыс айтамыз", - деді гандболшы Константин Мамедов.
Айта кетейік, 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты 22 қазанда өтеді.