Қазақстан Ислам ойындарын қандай нәтижемен аяқтады
Нұрғали Жұмағазы
Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында Ислам ынтымақтастығы ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы аталған жарыста жалпы 56 медаль еншіледі, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
Оның 15-і - алтын, 20-сы - күміс, 21-і - қола медаль. Осылайша Қазақстан жалпыкомандалық есепте жетінші орынға тұрақтады. Жүзу, ауыр атлетика және джиу-джитсу құрамалары ел қоржынына үш медальдан салды. Үстел теннисшілері екі алтын медаль жеңіп алды. Дзюдо, муай-тай, семсерлесу және карате спортшылары бір-бір алтын медальмен жарысты аяқтады.
Қазақстандық атлеттер командалық жарыста да жүлдегер атанды. Әйелдер құрамасы гандболдан финалға дейін жетіп, екінші орынға ие болды.
Медаль кестесінде Түркия көш бастады - 72 алтын, 44 күміс және 39 қола. Екінші орынға Өзбекстан ие болды (29 алтын, 35 күміс, 32 қола). Үздік үштікті Иран түйіндеді (29 алтын, 19 күміс, 33 қола).
Айта кетейік, бұл жарыста еліміздің намысын 100-ден астам спортшы қорғады. Олар бағдарламаға енгізілген 23 спорт түрінің 15-інде бақ сынады.