Жамбыл облысында Құлыбаев қорының қолдауымен заманауи Футбол академиясы салынады
22 қарашада Таразда тарихи мәні бар оқиға болды. Жамбыл облысы әкімдігі, Қазақстан Футбол федерациясы және Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры жаңа заманауи Футбол академиясын салу жөніндегі үшжақты меморандумға қол қойды. Құжатқа қол қойылған сәтте-ақ залдағы атмосфера өзгерді – бұл тек ресми рәсім емес, өңірдегі жасөспірімдер футболының жаңа дәуірінің басталғаны еді. Жаңа меморандум – Жамбыл жастарына үлкен футболға баратын жолды айқын ашатын нақты қадам.
Қор академия құрылысына 3,5 млрд теңгеге дейінгі демеу көрсетіп, нысанды жобалаудан бастап толық іске қосылғанға дейінгі бүкіл кезеңді өз қамқорлығына алады.
«Балалар мен жасөспірімдердің жүйелі дайындығы - Қазақстан футболының болашағы. Halyk қорының қолдауымен салынатын Академия ұлттық футболдың дамуына қосылатын зор үлес болмақ. Бұл орталықта ертеңгі кәсіби ойыншылар, болашақ чемпиондар өсіп шығады деп сенеміз», - деді Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория.
Жобаның мәні мен мақсаты
Тараз қаласы маңында бой көтеретін заманауи Футбол академиясы Қазақстандағы жасөспірімдер футболының жаңа тірек орталығына айналмақ. Академия үшін Тараз қаласында шамамен 8 гектар аумақ қарастырылған.
Академияда 100 спортшыға арналған екі адамдық, бапкерлер мен басқа да қызметкерлерге арналған бір адамдық бөлмелерден тұратын жатақхана салынады. Бұдан басқа, оқу сыныптары, медициналық бөлім, әкімшілік блок және жабық та, ашық та бірнеше кәсіби жаттығу алаңдары орналасады. Негізгі алаңдардың бірінде кемінде 1000 көрерменге арналған трибуналар орнатылады.
Барлық инфрақұрылым FIFA және UEFA стандарттарына сай жасалып, болашақ чемпиондардың кәсіби деңгейде өсуіне толық мүмкіндік береді.
Футбол академиясы 14–17 жас аралығындағы ұлдар мен қыздарға арналған балалар-жасөспірімдер орталығы ретінде жұмыс істейді. Әр жас санатына бір топтан, барлығы төрт топ қарастырылған.
«Біздің басты миссиямыз – еліміздің жас ұрпағына жаңа мүмкіндіктер ашу. Футбол академиясының құрылысына қолдау көрсету – тек спортқа инвестиция емес, бұл жастардың арманына, олардың келешегіне жасалған инвестиция», - дейді Halyk қорының Атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Тараптардың ынтымақтастығы
Меморандум аясында тараптар жобаны бірлесе жүзеге асыру үшін ортақ жол картасын әзірлейді. Академияның жобалық шешімдері мен техникалық-экономикалық зерттеулер Қазақстан Футбол Федерациясы дайындаған техникалық тапсырма негізінде жүргізіледі.
Жобаның өңір үшін маңызы қандай?
Жоба Жамбыл облысындағы балалар мен жасөспірімдер спортын жаңа деңгейге көтереді. Халықаралық стандарттарға сай жаңа Футбол академиясы өңір жастарына кәсіби футболға жол ашып, елдің спорттық әлеуетін дамытуға маңызды үлес қосады.

«Бұл жоба – Жамбыл өңірінің спорттық тарихындағы жаңа белес. Біз өз жастарымызға ең жақсы жағдай жасауды мақсат етіп келеміз. Футбол академиясы – тек инфрақұрылым емес, бұл – балалардың арманын жақындататын үлкен мүмкіндік. Біздің міндетіміз – әр таланттың жарқырауына жол ашу», - деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.
Айта кетейік, Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры - осы жобаның негізгі серіктесі. Қор футбол академиясының құрылысына 3,5 млрд теңгеге дейін қаржы бағыттап отыр.
Маңыздысы - бұл бір реттік акция емес. Бұл қордың еліміз бойынша жүргізіп келе жатқан жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмысының бір бөлігі ғана. Halyk қорының жобалары бүгінде бүкіл Қазақстанда айқын нәтиже көрсетуде:
• AUYL SPORT - ауыл балалары үшін жаңа мүмкіндіктер ашқан республикалық жоба;
• Жаңаөзен және өзге қалалардағы спорттық кешендер құрылысы;
• Бұқаралық спортты және спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бастамалар.