Барыс және Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Барыс және Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Хоккей

Сурет: "Барыс" ХК

«Барыс Арена» баспасөз орталығында «Барыс» хоккей клубы мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы басшыларының салтанатты кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Іс-шараға «Барыс» хоккей клубының бас директоры Сәкен Мұсайбеков пен ТҒӨО басқарма төрайымы Сәния Әбдірахманова қатысты. Орнатылған серіктестік аясында тараптар бірлескен әлеуметтік және PR-іс-шараларды өткізуге, сондай-ақ салауатты өмір салтын және ерікті, өтеусіз қан донорлығын насихаттауға бағытталған бастамаларды өзара қолдауға келісті.

28 қаңтарда өткен «Барыс» - «Адмирал» матчы кезінде әрбір жанкүйер өз қан тобын тегін анықтай алды.

Сондай-ақ «Барыс» клубы елордалық Қан орталығында қан тапсырған жанкүйерлерге әрбір үй матчына тегін билеттер ұсынады.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Барыс» клубының басшылығы, қызметкерлері, ойыншылары мен жаттықтырушылары «Донор күні» акциясына қатысқан болатын. Іс-шараның басты мақсаты – республика тұрғындарына әрбір донация біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін еске салу.