Әлемнің үздік теннисшілері «Ролан Гаррос» жүлде қорына наразы
Спорт-Экспресс
Әлемнің бірқатар үздік теннисшілері алдағы Ролан Гаррос турнирінің жүлде қоры бойынша өз наразылықтарын білдірді.
20 жетекші ойыншының қатарында Новак Джокович, Янник Синнер, Карлос Алькарас және Арина Соболенко бар. Олар бірлескен мәлімдеме жасап, турнирдегі қаржылық саясатқа көңілдері толмайтынын ашық айтты.
Турнир ұйымдастырушылары жүлде қорын 9,5%-ға арттырып, €61,7 миллионға жеткізгенін хабарлаған. Ерлер мен әйелдер арасындағы чемпиондар €2,8 миллионнан алады. Алайда ойыншылар бұл өсімді жеткіліксіз деп санайды.
Мәселен, 2025 жылы Ролан Гаррос табысы €395 миллионды құраған (жылдық өсім — 14%). Бірақ жүлде қоры тек 5,4%-ға өскен. Соның нәтижесінде ойыншылардың жалпы табыстан алатын үлесі 14,3%-ға дейін төмендеген.
Теннисшілердің пікірінше, бұл көрсеткіш тым аз. Олар «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үлесті кемінде 22%-ға жеткізуді талап етіп отыр — бұл ATP және WTA турларындағы деңгейге сәйкес келеді.
Сонымен қатар спортшылар тек қаржы мәселесін ғана емес, басқа да маңызды проблемаларды көтерді:
• ойыншылардың әл-ауқаты мен жағдайына жеткілікті көңіл бөлінбеуі;
• шешім қабылдау процесіне ойыншылардың қатыспауы;
• «Үлкен дулыға» турнирлері тарапынан ашық диалогтың болмауы.
Мәлімдемеде турнирлердің өзгерістерге қарсы тұрып отырғаны және қазіргі жүйе спорттың негізгі тұлғалары — ойыншылардың мүддесіне толық сай келмейтіні атап өтілді.
Айта кетейік, биылғы Ролан Гаррос жарысы 18 мамыр мен 7 маусым аралығында өтеді.