ПСЖ Мбаппені сотқа беріп, 100 миллион еуро талап етті

Әлеуметтік желі
Килиан Мбаппе мен «Пари Сен-Жермен» клубы арасындағы дау жаңа кезеңге өтті. Француздық БАҚ-тың хабарлауынша, париждік клуб бұрынғы шабуылшысына қарсы шағым түсіріп, 98 миллион еуро көлемінде өтемақы талап еткен. Бұл туралы Bassport.kz RMC Sport-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Еске салайық, 2024 жылдың қыркүйегінде Францияның Кәсіпқой футбол лигасы (LFP) ПСЖ клубын Мбаппеге жалақы мен бонустар бойынша қарызын өтеуге міндеттеген болатын. Шабуылшы маусым соңында еркін агент ретінде мадридтік «Реалға» ауысқан. Алайда клуб бұл шешімге келіспей, Лиганың өзіне қарсы Париж сотына шағым түсірді. Сот шешімімен ПСЖ-ның шоттарынан 55 миллион еуро тәркіленген еді.
12 мамыр күні ПСЖ бұл шешімнің күшін жоюды талап етіп, сотқа қайта жүгінді. Тыңдалым барысында клуб заңгерлері Мбаппенің клуб алдындағы берешек бар екенін мәлімдеп, ойыншы 98 миллион еуро қарыз деп есептейтінін жеткізді. ПСЖ өкілдерінің айтуынша, Мбаппенің клубпен келіссөздерді әдейі созуы париждіктерге елеулі зиян келтірген.
— Біздің мақсатымыз 98 миллион еуроны қайтару емес. Біз Мбаппенің бізге қарыз екенін дәлелдегіміз келеді. Оның талаптары негізсіз, — деді ПСЖ адвокаты Рено Семерджян.
Бұл сот ісі 26 мамырда жалғасады деп күтілуде. Айта кетейік, Килиан Мбаппе ПСЖ сапында 2018–2024 жылдар аралығында 308 матч өткізіп, 256 гол соқты және 107 нәтижелі пас берді. Ол клуб тарихындағы ең көп гол соққан ойыншы атанған. Сонымен қатар Франция чемпионатын алты рет, ел Кубогын төрт рет жеңіп алған.