Мбаппе “Реал” тарихын жаңартып, екі жаңа рекорд орнатты

Килиан Мбаппе мадридтік “Реал” сапында тарих жазуды жалғастыруда. Ла Лиганың 36-турындағы “Мальоркаға” қарсы өткен ойында француз шабуылшысы қарсылас қақпасын дәл көздеп, маусымдағы 40-голын соқты, деп хабарлайды Bassport.kz.
Бұл көрсеткіш – корольдік клуб тарихындағы дебютанттар арасындағы ең жоғары нәтиже. Бұған дейін Криштиану Роналду, Альфредо Ди Стефано мен Иван Саморано да алғашқы маусымында мұндай межеге жете алмаған.
Ла Лига аясында Мбаппенің еншісінде 28 гол бар – бұл да “Реал” жейдесін алғаш рет киген ойыншылар арасындағы абсолютті рекорд. Ди Стефано 1953/54 маусымында 27 голмен бастаса, Саморано мен Роналду 26 голдан тіркеген еді.
Сонымен қатар, 2025 жылғы күнтізбелік жылдың басынан бері Мбаппе “Реал” сапында 26 гол соғып үлгерді. Бұл – Еуропаның ТОП-5 лигасы ойыншылары арасындағы ең үздік көрсеткіш. Ол бұл тұрғыда ПСЖ ойыншысы Усман Дембеледен (25 гол) озып кетті.