Андрей Карпович "Елімайдың" Қазақстан Кубогынан ұшу себебін атады

"Елімай" ФК
Семейлік «Елімай» командасының бапкері Андрей Карпович Петропавлдың «Қызылжарынан» (0:0, 1:3 — пенальти бойынша) жеңіліп, Қазақстан Кубогының ширек финалынан шығып қалғаны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz сайты клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
— Ең алдымен, бұл жеңіліске қатты көңіліміз қалды. Біз келесі кезеңге өтуді мақсат тұтқан едік. Алайда бұл — футбол, мұнда бәрі жоспар бойынша бола бермейді.
Белгілі бір жағдайларға байланысты, атап айтқанда әуе компаниясына қатысты мәселелер себебінен біз Астана — Петропавл бағытымен ұзақ автобус сапарын жасауға мәжбүр болдық. Сонымен қатар, табиғи алаңнан жасанды жабынға ауысу да бізге біраз қиындықтар тудырды.
Күрделі әрі шиеленісті ойында бізде негізгі және қосымша уақытта есеп ашуға мүмкіндік болды, алайда жасаған сәттерімізді пайдалана алмадық. Сондықтан да ойын нәтижесі бізді қанағаттандырмады.
Енді басты мақсатымыз — 18 мамыр күні өтетін маңызды «Қайратқа» қарсы матчқа мұқият дайындалу.
Барлық жанкүйерлерге қолдаулары үшін үлкен алғыс білдіремін! — деді Карпович.