Түркістан облысының жас боксшылары Азия чемпионатынан 8 алтын медаль жеңіп алды

Түркістан облысының жас боксшылары Азия чемпионатынан 8 алтын медаль жеңіп алды
Бокс

Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы бокстан Азия чемпионатында Түркістан облысының жас боксшылары ел намысын абыроймен қорғап, тамаша нәтижеге қол жеткізді.

Сары құрлықтың үздік былғары қолғап шеберлері бас қосқан дүбірлі додада өңір спортшылары сегіз алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының табысына сүбелі үлес қосты.

Ерлер арасындағы бәсекеде:

– 60 келіде Нұрислам Қалдыбек

– 67 келіде Бахтияр Анарбаев

– 75 келіде Аман Қонысбеков қарсыластарын сенімді жеңіп, Азия чемпионы атанды.

Қыздар арасында:

– 63 келіде Аружан Жаңабаева

– 75 келіде Шұғыла Нәлібай жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді.

Сондай-ақ, 2007–2008 жылы туған жасөспірімдер арасындағы жарыста да Түркістан өңірінің спортшылары үздік нәтижелер көрсетті.

– 67 келіде Сұлтан Тұрдалы

– 54 келіде Алдияр Бахадур жас ерекшелігіне қарамастан қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, чемпион атанды.

Қыздар арасында 48 келі салмақта Айым Танкибаева ешкімге дес бермей, жеңіс тұғырынан көрінді.

Жеңімпаз спортшылар – «Түркістан кәсіпқой бокс клубы», Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және №3 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектептің шәкірттері. Бұл табыста олардың жаттықтырушылары Олжас Оразалиев, Болат Қасқаев және Қанатбек Шағатаевтардың еңбегі ерекше.

Айта кетейік, чемпионат жеңімпаздарына Халықаралық бокс федерациясы тарапынан ақшалай сыйақы тағайындалды: бірінші орынға – 1000 доллар, екінші орынға – 500 доллар, ал үшінші орын иегерлеріне – 250 доллар берілді.