Әлем кубогі: Қазақстан құрамасының күтпеген жеңілісі – кінәлілер анықталды

Әлем кубогі: Қазақстан құрамасының күтпеген жеңілісі – кінәлілер анықталды
Бокс

olympic.kz

Астанада өтіп жатқан World Boxing Кубогының алғашқы кезеңіндегі сенсациялық жеңіліске байланысты Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz.

Еске салайық, 70 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Абылайхан Жүсіпов Қырғызстан өкілі Алмаз Орозбековпен кездесіп, алғашқы екі раундты 5:0 есебімен өз пайдасына шешкен болатын. Алайда үшінші раундта көз үстінен жарақат алып, төреші жекпе-жекті тоқтатты. Нәтижесінде жеңіс қырғыз боксшысына берілді.

– Жекпе-жек кезінде тыйым салынған әрекеттер – баспен ұру немесе басқа да ережеге қайшы соққылар болған жоқ. Сондықтан төрешілер шешімі ережеге сай. Алайда бұл жағдай үшін жауаптылар бар. Ең алдымен, жарақаты бар екенін біле тұра рингке жіберген дәрігерлер кінәлі. Сондай-ақ турнир аяқталған соң бас бапкер Қайрат Сәтжанов ресми түсініктеме береді, – деді Мерей Ақшалов «Спорт Министрі» басылымына берген сұхбатында.

Бүгін, 2 шілде күні, Кубок аясында үшінші жарыс күні өтеді. Қазақстан құрамасының қай боксшылары шаршы алаңға шығатыны жайлы толық ақпаратты ресми дереккөздерден алуға болады.