“Қайраттың” ойынын көрсете алмаған Qazsport басшысы сынға ұшырады

Qazsport
Қазақстанда Qazsport мемлекеттік телеарнасының басшысы Нағи Бақытбековке қатысты сын күшейіп, оның отставкасын талап еткендер пайда болды. Бұл жағдай “Қайрат” клубының Чемпиондар лигасындағы алғашқы екі ойыны тікелей эфирде көрсетілмей қалғаннан кейін өрбіді, деп хабарлайды Bassport.kz.
“Қайрат” пен Словенияның “Олимпия” клубы арасындағы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі қос матчты Қазақстан жанкүйерлері мемлекеттік телеарналардан көре алмады. Бұған қатысты Qazsport арнасының директоры Нағи Бақытбеков телеарнаның “Қайраттың” трансляция құқықтарын сатып алуға қаржысы жоқ екенін мәлімдеген.
Бұл мәлімдемеден кейін танымал match.kz_ Telegram-арнасы телеарна басшысын қатаң сынға алып, оның қызметінен кетуін талап етті. Арнада жарияланған жазбада былай делінген:
“Өткен жылы Qazsport ИМТ мен “Копердің” матчтарын көрсету құқығын сатып алған еді. Ол кезде бұл клубтарда Александр Зуев пен Рамазан Оразов ойнаған болатын, бірақ олар бірнеше аптадан соң командаларын тастап кетті. Биыл Qazsport клубтық әлем чемпионатын көрсету құқығын сатып алды. Ал еліміздің басты клубтарының бірі “Қайраттың” Чемпиондар лигасындағы ойындарын көрсетуге қаражат таппады. Бұл — масқара. Нағи Бақытбеков бұл орыннан кетуі керек. Бұл тақырыпқа әлі ораламыз. Оның қызметтен кетуі үшін 20 себеп бар”.
Айта кетейік, “Қайрат” — Қазақстандағы ең танымал футбол клубтарының бірі және халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген ұжым. Осындай жағдайларда Qazsport секілді ұлттық спорт арнасының бұл матчтарды көрсете алмауы спорт сүйер қауым мен сарапшылардың наразылығын тудырып отыр.