«Барселона» Ламин Ямальды шектен тыс еркелетіп, салдарын тартуда

«Барселона» Ламин Ямальды шектен тыс еркелетіп, салдарын тартуда
Футбол

Матч ТВ

Каталониялық «Барселона» клубының 18 жастағы вундеркинді Ламин Ямаль соңғы уақытта команданың ішкі атмосферасына кері әсер ете бастаған. Бұл туралы Bassport.kz Don Balon басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаз мезгілін үнемі көңіл көтерумен өткізген Ямаль клубтың тәртіп пен сыпайылыққа қатысты ескертуін елемей, өзінің жеке өмірін әлеуметтік желілерде ашық жариялап, айналасындағылардың наразылығын тудырды. Бас бапкер Ханс-Дитер Флик пен клуб басшылығы бұл әрекеттерді жауапсыздық деп бағалап отыр.

Кейбір командаластары, соның ішінде тәжірибелі ойыншылар Рафинья мен Роберт Левандовски, Ямальдың мінез-құлқын тым өзімшіл әрі ерке деп қабылдайды. Олар жас ойыншының тәртіпті жиі бұзатынын және трансферлік саясатқа әсер еткісі келетінін ашық сынға алған. Мысалы, Ямаль жақында «Атлетик» шабуылшысы Нико Уильямсты клубқа тартуға белсенді түрде ықпал еткен.

Кезінде академияның көңілді әрі қарапайым тәрбиеленушісі болған Ямаль бүгінде команда ішінде наразылық тудырып отыр. Клуб ішінде оған «ересекше» сөйлесетін уақыт жеткені жиі айтылып жүр.

Айта кетейік, Ламин Ямаль — «Барселонаның» өз түлегі. Өткен маусымда ол 55 матч өткізіп, 18 гол мен 25 нәтижелі пас берген. Transfermarkt порталының бағалауынша, ойыншының нарықтық құны — 200 миллион еуро.