Словенияда «Қайраттың» басымдығы мойындалып, «Олимпия» бапкері сынның астында қалды

Sportburo.kz
Словениялық БАҚ «Қайраттың» Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Любляна қаласының «Олимпия» командасынан үстем түскенін ашық мойындады. Бұл туралы Bassport.kz Dnevnik.si сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматыда өткен қарымта матчта «Қайрат» қарсыласын 2:0 есебімен жеңіп, екі ойынның қорытындысы бойынша 3:1 есебімен келесі кезеңге өтті. Словениялық басылым «Олимпияның» алғашқы екі кездесуін сәтсіз деп бағалап, команданың ойынына, бапкерге және клуб басқаруына өткір сын айтты.
«Команданың ойын құрылымы мен ішкі тәртібі жоқ. Жорже Симау – соңғы 13 жылда 11 клуб ауыстырған бапкер. Ол жаңарған ұжымды біріктіре алмады. “Қайрат” тактикалық тұрғыда әлдеқайда дайын әрі айлакер болып шықты. Словениялық клубтың қателіктерін кешірмей, лайықты жазалады. Маусымды құтқару үшін бапкерді ауыстыру мәселесін бірден қарастыру қажет болуы мүмкін», – делінген материалда.
Сондай-ақ, сынға іліккен ойыншылардың бірі – қақпашы Любей-Финк. Өткен маусымда үшінші нөмірлі қақпашы болған ол, негізгі қақпашы Видовшектің жарақатынан соң, басты орынға шыққан. Бірақ оның өнері күмән тудырды. Бұрын жарақат алған Видовшекті лайықты алмастырған Пинтола түсініксіз себеппен басқа клубқа жалға берілген.
Словениялық тараптың пікірі бойынша, «Қайраттың» мұндай сенімді жеңісі команданың халықаралық деңгейдегі дайындығы мен тактикалық шеберлігінің дәлелі. Ал «Олимпияда» маусым енді басталса да, дағдарыс белгілері байқала бастады.