Жәнібек Әлімханұлы чемпионмен жекпе-жектің болмауына қатысты пікір білдірді

Жәнібек Әлімханұлы чемпионмен жекпе-жектің болмауына қатысты пікір білдірді
Бокс

Prosports.kz

Орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы Сауд Арабия ойын-сауық істері басқармасының басшысы Турки әл аш-Шейхтің мәлімдемесіне жауап берді. Бұл туралы Bassport.kz хабарлайды.

Thaboxingvoice эфирінде Турки әл аш-Шейх доминикандық Карлос Адамеспен үш чемпиондық белбеу үшін өтетін жекпе-жек туралы келіссөздер жүргізілгенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, Адамеске “жомарт әрі тиімді” ұсыныс жасалған, алайда ол бірнеше күн бойы үнсіз қалған. Соның салдарынан Сауд Арабия тарапы ұсынысты кері қайтаруға мәжбүр болған.

Бұл жағдайға қатысты Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желіде қысқаша пікір білдіріп:

“Мен сіздерге оның қорқақ екенін айтқанмын! Енді бәріңіз орта салмақта кім патша екенін білесіздер!” — деп жазды.

Айта кетейік, бұған дейін Карлос Адамес өз командасы қазақстандық чемпион жағына келісімшарт жібергенін, бірақ Жәнібек оны қабылдамағанын алға тартқан болатын. Алайда бұл мәлімдемеге қатысты ешқандай ресми дәлел ұсынылған жоқ.