Бекзад Нұрдәулетов Олимпиада-2028-ге бір қадам жақындады

Бокс
NUR.KZ
Астанада өткен бокстан Әлем кубогының жеңімпазы, әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов 2025 жылы Ливерпульде өтетін әлем чемпионатына қатысатынын және Олимпиада салмағына ауысу жоспары барын мәлімдеді. Бұл туралы Bassport.kz Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
— Жақын уақыттағы жоспарларымның бірі — Алматыда өтетін оқу-жаттығу жиынына қатысу. Одан кейін Астанада тағы бір жиын өткізіп, Ливерпульдегі әлем чемпионатында бақ сынаймын, — деді спортшы.
Қазіргі таңда Бекзад 85 келі салмақта өнер көрсетуде. Алайда болашақта Олимпиада бағдарламасына сәйкес келетін салмаққа ауысатынын растады.
— Әр спортшының арманы — Олимпиада. Менің де басты мақсатым — 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысу. Сол үшін Олимпиадалық салмақ дәрежесіне ауысамын, — деді ол.
Айта кетейік, Бекзад Нұрдәулетов 2019 жылғы әлем чемпионы және 2024 жылғы Азия чемпионы атанған. Олимпиада жолындағы дайындықтары оның халықаралық аренадағы амбицияларын тағы бір мәрте айқындай түсуде.