Данияр Елеусінов пен Эдди Хирн арасындағы дауға нүкте қойылды

Бокс
Sputnik Казахстан
Кәсіпқой бокстан WBA International титулының иегері, қазақстандық спортшы Данияр Елеусінов (12-0, 7 KO) бұрынғы промоутері Эдди Хирнмен арадағы даудың толық шешілгенін мәлімдеді, деп жазады Bassport.kz «1 Бол» бағдарламасына сілтеме жасап.
– Бұған дейін сіздің промоутер мен менеджерге қатысты сот істеріңіз болғаны белгілі. Қазір бәрі шешілді дедіңіз. Басқа промоутерлерден ұсыныстар түсіп жатыр ма?
– Иә, ол мәселе түбегейлі шешілді. Қазір Харрис Уитмон есімді жаңа промоутермен жұмыс істеп жатырмын. Ол – Zuffa жобасының негізін қалаушы. Бұл жоба TKO Group Holdings компаниясымен біріге жүзеге асырылуда және болашақта UFC секілді ауқымды ұйымға айналуы тиіс. Жобада UFC президенті Дана Уайт пен менің қазіргі менеджерім Харрис Уитмон тікелей атсалысуда. Қазір өткізіп жатқан жекпе-жектер – осы ірі жобаларға дайындықтың бір бөлігі. Форманы жоғалтпай, рингтегі сергектікті сақтау үшін жұдырықтасып жүрміз, – деді Елеусінов.
Айта кетейік, Данияр Елеусінов пен Эдди Хирн арасындағы келіспеушілік 2018 жылы Matchroom Boxing компаниясымен келісімшарт жасасқаннан кейін басталған. Спортшы британдық компанияның өз мансабын лайықты деңгейде дамытпағанын айтып, келісімшартты бұзып, сотқа жүгінген болатын. Енді бұл жағдайдың бейбіт түрде аяқталғаны белгілі болды.