УЕФА Дастан Сатпаевтың ойыны мен «Қайраттың» керемет камбэгіне баға берді

Футбол
Sports24.kz
Алматылық «Қайраттың» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде финляндиялық КуПС командасынан (3:0) басым түсуі УЕФА назарынан тыс қалған жоқ, деп хабарлайды Bassport.kz. Еуропалық футбол ұйымы бұл жеңісті апта ішіндегі ең әсерлі сәттердің бірі ретінде атады.
Әсіресе, 16 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаевтың ойыны ерекше атап өтілді. Жас ойыншы бір гол соғып, бір нәтижелі паспен көзге түсіп, матчтың басты кейіпкерлерінің біріне айналды.
— Жас жұлдыз Дастан Сатпаев УЕФА Чемпиондар лигасындағы «Қайраттың» керемет камбэгінің қозғаушы күшіне айналды. Қазақстандық клуб КуПС командасын жалпы есепте 3:2 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды, — деп жазды УЕФА өзінің X (бұрынғы Twitter) желісіндегі ресми парақшасында.
Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде алматылық клуб словакиялық «Слованмен» кездеседі. Қос кездесудің алғашқысы 6 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Жауапты ойын 13 тамыз күні Братиславада ұйымдастырылады.