Астанада еркін күрестен ауыл бапкерлеріне арналған республикалық семинар өтті
Елордада еркін күрес ережелеріндегі соңғы өзгерістер талқыланып, бапкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған оқу-тәжірибелік семинар ұйымдастырылды.
Бүгін Астанада «Еркін күрес ережелеріндегі соңғы өзгерістер және олардың әртүрлі жарыстарда қолданылуы» тақырыбында еркін күрестен ауыл жаттықтырушылары мен облыстардың бас бапкерлеріне арналған оқу-тәжірибелік семинар өтті. Ауқымды шараға Қазақстанның 17 облысынан 35 бапкер қатысып, тәжірибе алмасты.
Семинардың басты мақсаты – төрешілік саласындағы теориялық білім мен практикалық дағдыларды жетілдіру, еркін күрес бойынша жарыс ережелеріндегі соңғы өзгерістерді оқу-жаттығу және жарыс үдерісіне енгізу, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі турнирлердің ерекшеліктерін ескере отырып, дайындық сапасын арттыру.
Аталған семинар Тимур Құлыбаевтың "Halyk" қайырымдылық қорының демеушілігімен және Қазақстан күрес федерациясымен бірлесіп ұйымдастырылды. Бапкерлердің елордаға келіп-қайтуы, орналастырылуы мен тамақтануы толықтай қор есебінен қамтамасыз етілді.
"Auyl sport" жобасының координаторы Айдос Лекеровтің айтуынша, семинар бір күн бойы теориялық және практикалық сабақтармен ұштастырылып өтті. Семинар спикері – олимпиадалық санаттағы балуан Берік Шалабаев. Ол еркін күрестегі жаңартылған ережелерді егжей-тегжейлі түсіндіріп, жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.
— Бұл форматтағы семинарлар ауыл бапкерлерінің біліктілігін арттырып қана қоймай, еркін күрестің өңірлерде жүйелі дамуына серпін береді, — деді Айдос Лекеров.
Семинарға қатысушылардың бірі, Абай облысы Жарма ауданы Қалбатау ауылының бапкері Орал Қойшыбаев ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
— Мұндай семинарлар ауылдан шыға алмай жүрген бапкерлер мен балалар үшін таптырмас мүмкіндік. Елге оралған соң үйренгенімді міндетті түрде ауылдағы әріптестеріммен бөлісіп, жұмысымда қолданамын, — деді ол.
Семинар соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Айта кетейік, биыл "Auyl sport" жобасы аясында қамтылған 8 спорт түрі бойынша бапкерлерге арналған біліктілікті арттыру сабақтары кезең-кезеңімен ұйымдастырылады.