Күрес түрлерінен жастар арасындағы ел үздіктері анықталды

Күрес түрлерінен жастар арасындағы ел үздіктері анықталды
Күрес

Сурет: ҚР ҰОК баспасөз қызметі

Астанада грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U17 және U20 жас санатында Қазақстан чемпионаты өтті. Аталған додаға еліміздің барлық өңірінен 1 200-ден астам жас спортшы қатысып, бозкілемде өз шеберлігін сынады, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі ҚР ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жарыс қорытындысы өңірлік күрес мектептерінің деңгейін де айқын көрсетті.

Грек-рим күресінен U17 санатында жалпыкомандалық есепте Алматы облысы 130 ұпаймен көш бастады. Абай облысы 105 ұпаймен екінші орынға тұрақтаса, Шымкент қаласы 93 ұпаймен үздікүштікті түйіндеді. U20 санатында да Алматы облысының балуандары 131 ұпаймен бірінші орыннан көрінді. Шымкент қаласы 115 ұпаймен екінші, Ақтөбе облысы 104 ұпаймен үшінші орынға ие болды.

Әйелдер күресінде U17 санатында Алматы қаласының құрамасы 137 ұпаймен алға шықты. Түркістан облысы 108 ұпаймен екінші, Жетісу облысы 94 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. U20 санатында Алматы қаласының спортшылары 177 ұпаймен топ бастады. Түркістан облысы 144 ұпаймен екінші, Алматы облысы 113 ұпаймен үшінші сатыға көтерілді.

Ал еркін күрестен U17 санатында Шымкент қаласы 128 ұпаймен жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты. Абай облысы 119 ұпаймен екінші болса, Алматы қаласы 118 ұпаймен үшінші орынды иеленді.

U20 санатында Алматы қаласы 177 ұпаймен көш бастаса, Түркістан 130, ал Алматы облысы 108 ұпайға қол жеткізді.

Сонымен қатар чемпионатта спортшылардың күрес кезінде көрсеткен қайсар мінез мен шеберлік те федерация тарапынан арнайы бағаланғанын атап өткен жөн. Мәселен, «Қайсар рух» аталымы бозкілемде табандылық танытып, соңына дейін беріспеген балуандарға табысталды. Бұл жүлдеге еркін күрестен сынға түскен Айбек Қалияхмет (79 келі, Алматы облысы), әйелдер күресінде чемпион атанған Динара Дауылқызы (53 келі, Астана қаласы) және грек-рим күресінде топ жарған Дияр Аманәлі (55 келі, Шымкент қаласы) ие болды. Ал «Дара тәсіл» аталымы жоғары техникалық шеберлігімен көзге түскен спортшыларға берілді.

Еркін күрес өкілі Әділет Манап (79 келі, Алматы облысы), грек-рим күресінің балуаны Еркебұлан Әнапия (82 келі, Алматы облысы) және әйелдер күресінің бұрымды балуаны Назым Мұрат (65 келі, Абай облысы) бұл аталымның иегерлері атанды.