"Соңғы секундта ұпай алдым": Азия чемпионатының финалында үш рет ұтылған Берульцева қалай чемпион атанды

Басқа

Малайзияда өткен каратэден Азия чемпионатын қазақстандықтар тарихи нәтижемен аяқтады. Сары құрлық додасында Қазақстан алғаш рет жалпыкомандалық есепте топ жарып, 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль еншіледі. Спорттың бұл түрінен тізгінді ешкімге бермейтін Жапония мен Иран екінші және үшінші орынды місе тұтты. Ал құрлық бәсекесінің финалында үш рет ұтылған Софья Берульцева үшін бұл біріншілік оңай болмаған, деп жазады Bassport.kz.

Токио Олимпиадасының жүлдегері Азия чемпионатының алтынын төртінші мүмкіндігінде ғана алып отыр.

«Шыны керек, үш рет финалда ұтылдым. Жүлде қоржынымда Азия біріншілігінің алтын медалі жоқ еді. Қатарынан үш рет ұтылған соң, осы жолы қатты қобалжыдым. Қуанышқа қарай, ақтық сын аяқталуына соңғы секунд қалғанда бір соққы жасап, чемпион атандым. Бұл жарыс команда үшін өте сәтті өтсе де, мен үшін психологиялық тұрғыдан ауыр болды. Бірақ үлкен дайындықмен, нық сеніммен және айқын мақсатпен бардық. Сондықтан бұл чемпионат біз үшін сәтті өтті», - дейді Берульцева.

Малайзияға аттанбас бұрын, Қазақстан құрамасы Индонезияда оқу-жаттығу жиынын өткізген.

«Тарихта тұңғыш рет жалпыкомандалық есепте бірінші орын алдық. Қандай қуаныш екенін сезесіз бе? Осы жеңіске өз үлесімді қосқаным үшін бақыттымын. Өйткені, еліме пайдамды тигізу - менің ең ізгі арманым. Алда Азия ойындары келе жатыр. Сол айтулы дода қарсаңында құрлық бәсекесіне қатысқанымыз дұрыс болды. Қарсыластарымызды бағамдап, өзімізге қорытынды жасадық. Енді құрлықтың кіші Олимпиадасы саналатын Азия ойындарында жеңісті қолдан бермеу керек», - дейді Софья Берульцева.

Айта кетелік, каратэден Азия чемпионы атағын Софья Берульцева, Қайсар Алпысбай және Нұрқанат Әжіқанов жеңіп алды. 

Күміс жүлдегерлер қатарында ерлі-зайыптылар Дидар Әмірәлі мен Мөлдір Жаңбырбай бар.