Ислам Байрамуков Дәурен Абаевтың министр қызметінен не үшін кеткенін айтты

Ислам Байрамуков Дәурен Абаевтың министр қызметінен не үшін кеткенін айтты
Басқа

Еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков Мәдениет және спорт министрі болған Дәурен Абаевтың қызметтен не үшін кеткенін айтты, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.

Былтыр мамыр айында 50 жылдық тарихы бар Алматыдағы Республикалық спорт колледжі жабылған еді. Бірақ биыл жаңа министр келіп, қайта ашылды. Бұл мәселені алғашқы күннен көтеріп, соңына дейін жеткізгендердің бірі осы Ислам Байрамуков болатын.

– Қаңтар айының соңында Асхат Оралов өзі келді. Бізбен екі сағат отырып, әңгімемізді тыңдады. Ата-аналардың, ұстаздардың, оқушылардың тілегі орындалып, мектеп-интернат қайта айтылды. 1 ақпаннан бастап, балалар оқып жатыр. Жаңа басшыларға «Қызым саған айтам, келінін сен тыңда» дегендей, халықпен жақсы қарым-қатынаста болыңдар деп айттым. Өйткені бұрынғы басшылар сол Республикалық спорт колледжі үшін отставкаға кетті. Содан не тапты? 50 жылдық тарихы бар ұжымды жауып тастағаны ақылға сыя ма? Үкіметтегі басшылардан естігенім, Дәурен Абаев министр қызметінен осылай саботаж жасағаны үшін кеткен.

– Министр Асхат Оралов UFC лигасында өнер көрсететін аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновты қабылдап, дайындығына ақша бөлеміз деді. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– Менің түсінгенім, олар имидж жағынан қарап отыр. UFC, MMA осы күні жақсы сұранысқа ие болып, дам үстінде. Өзіміздің азамат болған соң, қолдау көрсетуді шешкен болар. Ал өз басым осындай тұмсық бұзу секілді ережесіз жекпе-жек спортын қарамаймын, қызықпаймын. Біреуді астына салып, ұрып жатқан рухты қалай көтереді, соны түсінбеймін. Бұл менің жеке көзқарасым. Ал министрлік өзіміздің азамат, оның үстіне UFC-де жеңіп жатқан спортшыларымыз көп емес қой. Сондықтан имидж тұрғысынан қолдағысы келген болар.

– Өзіңіз немен айналысып жүрсіз?

–Сол жеке кәсібім бар. Сосын осындай қоғамдық істерге араласып тұрамын. Бір жылдан бері Республикалық спорт колледжінің мәселесімен айналыстым. Президентке үндеу жасадым. Басында 2-3 адам жүрген едік, кейіннен өзім жалғыз қалдым. Дегенмен, соңына дейін жеткіздім. Бұрындары ипподромға қатысты да бір шуға үн қосқанымыз бар.