19 жастағы Секо Миято шылым шегіп, ішімдік ішкені үшін Олимпиададан шеттетілді

19 жастағы Секо Миято шылым шегіп, ішімдік ішкені үшін Олимпиададан шеттетілді
Гимнастика

Kyodo

Жапонияның спорттық гимнастика қауымдастығы команда капитаны 19 жастағы Секо Миятоны ішімдік ішіп, темекі шеккені үшін Париж Олимпиадасына қатыстырмайтын болды. Өйткені елде 20 жасқа толмаған адамдарға ішімдік пен темекіні тұтынуға қатаң тыйым салынған, деп хабарлайды BasSport.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Kyodonews сайтының жазуынша, Монакодағы жаттығу базасынан оралғаннан кейін гимнаст маусым айының соңынан бастап заңсыз ішімдік пен темекі тұтынғанын мойындаған. Кейін осы жағдайға байланысты Жапонияның гимнастика қауымдастығының жетекшісі Тадаши Фудзита баспасөз мәслихатын өткізіп, Секо Миятоның Париждегі Олимпиадаға баратын спортшылардың тізімінен шығарылғанын мәлімдеді. 

Жапония Олимпиада комитеті бұл жағдай ел тарихында бірінші рет болғанын айтты. Ал, әлеуметтік желілерде жапониялықтар бұл оқиғаны екіұшты бағалады. Кейбір азаматтардың пікірінше, мұндай теріс қылықтан гөрі елдің спорт командасының халықаралық имиджі маңызды.

Жапония атынан өкілдік ету мүмкіндігінен айыру – ауыр жаза, ал командада қалған гимнасттардың медаль жеңіп алу мүмкіндігі аз. Сондай-ақ қауымдастық шешімі жас Миятоның спорттық мансабына нүкте қоюы мүмкін.