Шавкат Рахмонов UFC-дегі титулдық жекпе-жектен айырылды

UFC
Қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов қазіргі таңда жартылай орта салмақтағы титулдық мүмкіндіктерден алыстап қалды. Бұл туралы Athlon Sports басылымы мәлімдеді, деп хабарлайды Bassport.kz.
Мұның басты себебі – спортшының тізе жарақаты. UFC 310 турнирінде жарақат алған Рахмонов қазіргі уақытта оңалту кезеңінен өтіп жатыр. Осыған байланысты ол жақын арада титул үшін таласа алмайды.
Ал Шавкаттың бұрынғы қарсыласы, ирландиялық Иэн Мачадо Гэрри белсенді әрекет етуде. Ол 11 мамыр күні өтетін Белал Мухаммад пен Джек Делла Маддалена арасындағы чемпиондық жекпе-жектің қосалқы қатысушысы ретінде салмақ өлшеуге дайындалып жатыр.
Athlon Sports жазғандай:
«Иэн Гэрри уақыт жоғалтпай, титул үшін күресте өзін алға тартуда. Ол небәрі бірнеше апта бұрын жекпе-жек өткізгеніне қарамастан, қазірдің өзінде Канадада, UFC 315 турниріне толық дайындықта. Оның мақсаты айқын - титул немесе ештеңе».
Осылайша, Шавкат Рахмонов уақытша жарыс жолынан тыс қалса да, қалпына келіп, титулдық бәсекеге қайта оралуы әбден мүмкін.