Ұлттық мектеп лигасының ашылуына санаулы күн қалды

16 мамырда Астанада еліміздегі ең ауқымды мектепішілік спорттық жоба салтанатты түрде ашылады.
Бүгін ұйымдастырушылар 16 мамыр күні Beeline Arena кешенінде өтетін Ұлттық мектеп лигасының ашылу рәсіміне арнайы дайындық аясында Астананың 8, 10, 15, 54, 55, 56 және 87-мектептеріне барып, спортпен белсенді айналысатын оқушыларға арнайы билеттерін табыстады.
Салтанатты шараның басты ерекшелігі тек спорттық маусымның ресми басталуы емес, сонымен қатар жастарға арналған үлкен мерекелік шоу. 16 мамыр күні сағат 17:00-де өтетін ашылу рәсімі жарқын атмосферамен, музыкалық қойылымдармен және бағалы сыйлықтармен ерекшеленбек. Кеш қонағы - танымал әнші Qanay, ал көрермендер арасында жаңа iPhone 16 ұтысқа салынады.
Ұлттық мектеп лигасы - еліміздің барлық аймағындағы 3,5 миллионнан астам оқушыны қамтыған кең ауқымды жоба. Биылғы маусымның басты жаңалығы - ойындар алғаш рет кәсіби спорт ареналарында өтуде. Спорттың 10 түрінен өтетін жарысты тиісті федерациялардан шақырылған кәсіби төрешілер қадағалайды.
Турнир мектепішілік, қалалық, облыстық және республикалық кезеңдерден тұрады. Командалар тек бір мектептің оқушыларынан жасақталады, бұл бәсекенің әділеттілігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, ашылу рәсіміне билеттерді @bassport.kz және @salauatty_kazakhstan Instagram парақшаларында өтетін байқаулар арқылы ұтып алуға болады. Байқауға қатысып, спорт мерекесіне жолдама ұтып алуға асығыңыз!